16.08.22
10:16

Омнибус шот арқылы қызмет көрсетілетін инвесторлар саны бір айда 53%-ға өсті

Орталық депозитарийдің (KCSD) деректері бойынша 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша KCSD депоненттерінің омнибус шоттары арқылы қызмет көрсететін инвесторлар саны 40 мыңға жуық болды. Бұл өткен айдың көрсеткіштерінен 53%-ға артық.

2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының заңнамасындағы өзгерістердің арқасында брокерлер мен банктерде Орталық депозитарийде "омнибус шот" деп аталатын шоттар немесе номиналды ұстауға арналған шоттар ашу мүмкіндігі пайда болды. Олар клиенттік активтердің агрегатталған есебін жүргізуге, яғни Орталық депозитарийдегі бір шотта клиенттер пулының активтерін есепке алуға мүмкіндік береді.

Омнибус шоттарын жүргізу, әдетте, брокерлер мен банктерге әр клиент үшін жеке қосалқы шот ашқаннан гөрі арзанырақ келеді. Омнибустық шот шеңберінде жүргізілетін барлық транзакциялар брокердің атымен көрсетіледі, ал осы шот арқылы операциялар жасайтын инвесторлардың егжей-тегжейлері ашылмайды. Басқаша айтқанда, жүйеде олардың кімге және қандай мөлшерде тиістілігі емес, шоттағы бағалы қағаздардың жалпы саны көрсетіледі. Бұл ретте клиенттердің активтері брокердің немесе банктің өзін есепке алу жүйесінде сегрегацияланған. Мұның бәрі мәмілелерді тіркеу және бағалы қағаздарды есепке алу тәртібін айтарлықтай жеңілдетеді.

"Омнибус шоттары клиенттік бағалы қағаздарды сегрегацияланған есепке алудың ақылға қонымды баламасы болып табылады. Омнибус шоттарын енгізу халықаралық тәжірибеге толығымен сәйкес келеді, бұл қағаздарды есепке алуды арзан, оңай және жылдам етеді. Бұл KCSD депоненттерінің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, бөлшек инвесторлардың санын арттыра отырып, биржалық сауданы да ынталандырады", – дейді Орталық депозитарийдің Басқарма төрағасы Адиль Мухамеджанов.

2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша KCSD номиналды ұстау жүйесінде 425 мыңнан астам шот ашылды, оның 385 мыңы ұстаушылардың қосалқы шоттарына тиесілі.

Ұстаушылардың қосалқы шоттары бойынша KCSD деректерінің негізінде жеке тұлғалардың – брокерлік шот иелерінің портреті жастар болып қалады. Барлық бөлшек инвесторлардың жартысына жуығын (49,6%) 35 жасқа дейінгі қазақстандықтар құрайды. 18–24 жастағы инвесторлардың үлесі 19,3%, 25–34 жастағы инвесторлардың үлесі 30,3% құрады. Бұрынғыдай бөлшек инвесторлардың ең көп үлесі 35–54 жастағы (35,3%) топ болып табылады. 55 жастан асқан инвесторлардың үлесі қысқаруда (15%) . Кәмелетке толмаған азаматтардың атына ашылған қосалқы шоттардың үлесі брокерлік шоттардың жалпы санының 0,1% аспайды.

Гендерлік арақатынас өзгерген жоқ: бөлшек инвестор-ерлердің үлесіне 58%, әйелдердің үлесіне – 42% тиесілі. Бұл ретте жыл басынан бері брокерлік шот иелері арасында әйелдер саны екі есеге жуық өсті. Өткен айдың өзінде абсолюттік көрсеткіштерде олардың саны 8 748 адамға өсті. Ерлер де қалыс қалмайды – 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап 9 322 адам қосылды.

Аумақтық бөліністе Алматы (22,1%) және Нұр-Сұлтан (10,2%) көш бастап тұр. Көшбасшылар үштігін Түркістан облысы тұйықтайды (8,8%) . Жыл басынан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда қосалқы шоттарды ұстаушылар саны 1,5 есеге, ал Түркістан облысында 2,2 есеге ұлғайды. Брокерлік шоттардың ең азы еліміздің солтүстігінде ашылды: Қостанай облысы (3,3%) , Ақмола облысы (2,3%) және Солтүстік Қазақстан облысы (1,5%) .