23.06.22
16:17

KCSD-де қызмет көрсетудегі бағалы қағаздар шығарылымдарының саны жыл басынан шамамен 50%-ға өсті

2022 жылғы мамыр айында KCSD-де депозитарлық қызмет көрсетудегі бағалы қағаздар шығарылымдарының саны жыл басынан бері шамамен жарты есеге (48,5%-ға) ұлғайып, 1954 атауды құрады. Салыстырмалы түрде өткен жылы шығарылымдар саны 12,1%-ға өсіп, 1 316 атау болған еді. 2022 жылдың басынан бері бағалы қағаздардың 44 шығарылымы өтелді.

Бұл өсім KCSD-де депозитарлық қызмет көрсетудегі халықаралық бағалы қағаздар шығарылымдарының ұлғаюы есебінен болды. Халықаралық облигациялар саны жыл басынан бері екі есе өсіп (90,8%-ға) , мамыр айында 311 дананы құрады. Бейрезиденттердің инвестициялық пай қорларының бағалы қағаздарының саны жыл басындағы 14 данадан қарқынды өсіп, мамыр айында 126 данаға дейін жетті. Сонымен қатар, резиденттердің пайларының саны өзгеріссіз қалды – 30 дана. Бейрезиденттердің акцияларының саны да айтарлықтай өсуді көрсетті: жылдың басында 143 данадан мамыр айында 537 данаға дейін ұлғайды.

Бағалы қағаздардың жаңа шетелдік шығарылымдарының жартысынан көбін (55,1%) бейрезиденттердің акциялары құрайды. Екінші орында халықаралық облигациялар (31,9%) тұр. Қалған 13%-ы бейрезиденттердің инвестициялық пай қорларының бағалы қағаздарына тиесілі.

KCSD-де қызмет көрсетілетін шетелдік бағалы қағаздар санының өсуі Орталық депозитарий қызметінің ауқымын және оның клиенттерінің биржалық саудасының географиясын кеңейтуге ықпал етеді. Клиенттер осы бағалы қағаздармен халықаралық капитал нарықтарында ғана емес, сонымен қатар қазақстандық қор нарығында да, KCSD-де есеп айырысу арқылы сатып алу-сату мәмілелерін жасай алады.

"Біз тіркелген өсімді, негізінен, ресейлік және онымен байланысты қаржы құрылымдарының қатынасына санкциялық шектеулер енгізілгеннен кейін, біздің есепке алу және қызмет көрсету жүйемізге шетелдік бағалы қағаздарды көшірумен байланыстырамыз. KCSD бағалы қағаздар нарығына қатысушылармен, оның ішінде Қазақстан ішінде де, халықаралық нарықтарда да жұмыс істегенде басқа есепке алу ұйымдарымен өзара іс-қимыл кезінде санкциялық режимдерді қатаң сақтай отырып, депозитарлық және банктік шоттармен жұмыс істеген кезде жаңа шектеулерді енгізуге өз уақытында әрекет етеді", — деп түсіндіреді Орталық депозитарийдің Басқарма төрағасының орынбасары Еділ Медеу.

Қызметтердің кең спектрін, соның ішінде депозитарлық сервистерді, банктік қызмет көрсетуді ұсыну, биржадан тыс мәмілелерді (сауда репозиторийін) тіркеу, сондай-ақ теңгемен, АҚШ долларымен, еуромен, ресей рублімен және қытай юанімен есеп айырысуды жүргізу мүмкіндіктері KCSD инфрақұрылымын өңірлік есептеу хабы ретінде пайдалану үшін қолайлы жағдайлар жасайды.