09.06.22
12:08

2021 жылдың қорытындысы бойынша Орталық депозитарийдің операциялық нәтижелері

2022 жылғы 30 мамырда өткен акционерлердің жылдық жалпы жиналысында "Бағалы қағаздар орталық депозитарийі" АҚ (бұдан әрі – Орталық депозитарий) 2021 жылғы қызметінің қорытындысы бойынша жылдық есеп қабылданды.

Жылдық есепте Орталық депозитарийдің негізгі жетістіктері туралы, сондай-ақ Орталық депозитарийдің 2022–2024 жылдарға арналған даму векторын анықтайтын қабылданған және әзірленетін стратегиялық құжаттар туралы ақпарат ұсынылды.

2021 жылы Орталық депозитарийдің IT-архитектурасын, оның бизнес-процестері мен қызметтерін, сондай-ақ клиенттермен өзара іс-қимыл жасау әдістері мен арналарын трансформациялауды жүзеге асыруға баса назар аударылды. Бұл операциялық қызметтің жаңа нәтижелеріне қол жеткізуге мүмкіндік берді:

- аударым операцияларын және қолма-қол ақшасыз шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүргізуге лицензия алынды;

- қаржы құралдарын агрегатталған есепке алуды (омнибус-шоттар) енгізу және клиенттерге бірегей кодтарды беру бойынша кешенді техникалық жұмыстар жүргізілді;

- номиналды ұстауды есепке алу жүйесінің деректерін қабылдау және жинау үшін жаңа сервистер әзірленді;

- кепілдер мен ауыртпалықтарды тіркеу процестері автоматтандырылды;

- кіріс және шығыс сұратуларды тексерудің қосымша тетіктері енгізілді.

Өткен жылы депозитарлық қызметтердің бағыты негізгі көрсеткіштер бойынша сенімді өсуді көрсеткенін атап өткен жөн. Орталық депозитарийде қызмет көрсетуге қабылданған номиналды ұстаудағы активтердің көлемі 25 процентке, яғни 105,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2020 жылы +28%), ашылған қосалқы шоттардың саны 62%-ке, яғни 221 мыңға дейін (2020 жылы +13 %), бағалы қағаздар эмиссияларының саны 142-ге, яғни 1 316 атауға дейін (2020 жылы +13), өңделген транзакциялар саны 84%-ке, 654 мың транзакцияға дейін өсті (2020 жылы +46 %).

Бұдан басқа, Орталық депозитарийдің комплаенс-жүйесін жетілдіру жөніндегі жұмыстар шеңберінде 2021 жылы КЖ/ТҚҚ саласындағы ұлттық және халықаралық заңнама талаптарына сәйкес қаржы мониторингіне жататын операцияларды анықтауға арналған Anti-money laundering (AML) жүйесін енгізу бойынша жұмыс басталды.

Орталық депозитарий базасында қор нарығында икемді инфрақұрылымды қалыптастыру мақсатын іске асыру үшін қабылданған 2022–2024 жылдарға арналған Даму стратегиясы шеңберінде одан әрі қарай өсу үшін алты негізгі бағыт анықталды:

- депозитарлық қызмет;

- бағалы қағаздар мен өзге қаржы құралдарын ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу;

- банктік операциялардың жекелеген түрлері;

- бағалы қағаздардың биржадан тыс нарығында сауда-саттықты ұйымдастыру;

- корпоративтік әрекеттер хабы;

- қызметтің экожүйесін дамыту.

Қазақстан Республикасының қор нарығына қатысушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, Орталық депозитарийді цифрландырудың әзірленген Cтратегиясы шеңберінде бөлшек инвесторлар мен бейрезидент инвесторлардың көптеген санын тарту мақсатында депозитарлық-тіркеу жүйесіне рефакторинг жасау және жетілдіру, корпоративтік әрекеттер жүйесін реформалау және енгізу, депозитарлық қызметтердің маркетплейсін әзірлеу, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары үшін Know Your Client (KYC) қызметін көрсету, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректер қоймасымен интеграциялау сияқты негізгі бастамалар анықталды.

Орталық депозитарий тәуекелдерді басқару, қызметтің үздіксіздігін және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударуда.

Жылдық есеппен Орталық депозитарийдің сайтынан мынадай сілтеме арқылы танысуға болады.

Барынша толық ақпарат алу үшін: +7 (727)262–08–46 (ішкі 397), pr@kacd.kz